Бүгін шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионаты IB дивизионындағы төртінші ойынын Оңтүстік Кореяға қарсы өткізеді, деп хабарлайды Еlsport.kz.
Бұл кездесу Қазақстан уақытымен 19:30-ға белгіленген.
Отандастарымыз 12-18 сәуір аралығында Испанияда өтіп жатқан турнирде Латвия, Нидерланд, Испания, Оңтүстік Корея және Ұлыбританиямен шеберлік байқасады.
Екі құрама қазірге дейін тоғыз мәрте кездесті. Оның 6-уы қазақстандық хоккейшілердің басымдығымен аяқталса, қалғанында қарсыластарының мерейі үстем болды.
Алғашқы үш турда қазақстандық хоккейшілер Латвияға буллитен 2:3, Нидерландқа 0:3 есебімен жеңілсе, Испанияны 3:2 есебімен қапы қалдырды.
Ал Оңтүстік Корея қазірге дейін Ұлыбританияға 2:3, Нидерландқа 0:3 есебімен есе жіберсе, Латвияны 7:6 есебімен тізе бүктірді.
Турнир кестесінде Қазақстан құрамасы 4 ұпаймен бесінші орында тұрса, дәл сондай ұпай жинаған Оңтүстік Корея төртінші орынға табан тіреді.
Қазақстан әйелдер құрамасы
Қақпашылар: Вероника Агеева («Торпедо»), Арина Щеколова, Полина Говтва (екеуі — «Томирис»)
Қорғаушылар: Юлия Буторина, Александра Воронова, Дария Молдабай (барлығы — «Томирис»), Катрин Мескини Полина Яковлева («Торпедо»), Аида Олжабаева, Мәдина Тұрсынова, Анна Пяткова («Айсұлу»);
Шабуылшылар: Мәлика Алдабергенова, Пернеш Әшімова, Елизавета Дюндина, Лариса Свиридова (барлығы — «Айсұлу»), София Зубкова, Дильназ Саяхатқызы, Мунира Саяхатқызы («Торпедо»), Екатерина Куценко, Анастасия Оразбаева, Надежда Филимонова, Александра Шегай барлығы — «Томирис»), София Муравьева («Айсұлу Таңдаулы»).
Қазақстандық хоккейшілер бұдан кейін 18 сәууірде Ұлыбритания құрамаларымен шеберлік байқасады.


