Руслан Есімов «Ертіс» футбол клубының спорт директоры атанды.
Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Өткен маусым қорытындысы бойынша кәсіби футболшы ретіндегі мансабын аяқтаған «Ертістің» аңыз ойыншысы Руслан Есимов футбол клубының спорт директоры қызметіне тағайындалды.
Пентакампеондар қатарында Руслан Есімов 150-ден астам матч өткізіп, 17 гол соқты. «Ертіс» құрамында ол Қазақстан Премьер-лигасының қола жүлдегері атанып, Екінші лиганың чемпионы және Бірінші лиганың вице-чемпионы болды.
Павлодарлық жанкүйерлердің сүйікті ойыншыларының бірі команданың қайта жандануына елеулі үлес қосып, оның Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралуында маңызды рөл атқарды. Екібастұз балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі кәсіби мансабында 389 матч өткізіп, 50 голдың авторы атанған еді.


