Қазақстандық жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген ұлттық құрамаға оралуы м.мкін деген қауесетке жауап берді.
Бұл жөнінде футболшы ертең, 28 ақпанда елордадағы «Астана-арена» стадионында өтетін Қазақстан суперкубогы алматылық «Қайрат» пен қостанайлық «Тобыл» кездесуі алдында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
— Бұл жөнінде маған ешкім хабарласқан жоқ. Сондықтан әзірге ештеңе айта алмаймын. Оның үстіне қаншама елдің алдында ұлттық құрма сапындағы мансабымды аяқтағанымды мәлім еттім. Сол себепті қайта келу қолайсыз секілді, — деді қостанайлық клубтың капитаны.
Асхат Тағыберген 1990 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазірге дейін «Қайсар», «Ақтөбе», «Астана», «Тобыл», «Ордабасы» клубтарында доп тепті.
Мансабын аяқтаған сәтте Асхат Тағыберген өз ой-пікірін білдірген еді.
— Мен ұлттық құрама сапында 2014 жылдан бері ойын көрсетіп келемін. Сол уақыттан бері өз елімнің абыройын асқақтатуға барынша күш салдым. Жеңіс те, жеңіліс те кездесті. Капитандық міндетті атқардым. Бүгін ұлттық құрама сапында соңғы ойынымды өткізуге шешім қабылдадым. Орнымды жастарға беруді шештім, — деді ол.


